Қызылорда облысы әкімдігінің
2018 жылғы «1» тамыз №1187 қаулысымен
бекітілген
 
 
«Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің
Ережесі
 
1. Жалпы ережелер
 
1. «Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Қызылорда облысының цифрландыру, жобалық басқару және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығының субъектісі болып «Қызылорда облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі табылады.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, индексі 120003, Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, құрылыс 1.
10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
 
2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары,
құқықтары мен міндеттері
 
14. Басқарманың миссиясы: орта мерзімді келешекте облыс экономикасының даму қарқынын жылдамдату және цифрлық технологияларды қолдану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ, ұзақ мерзімді келешекте цифрлық экономиканы құруға мүмкіндік беретін облыс экономикасын дамытудың жаңа траекториясына көшуге жағдай жасау.
Қызылорда облысында цифрландыру, жобалық басқару және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
15. Міндеттері:
1) экономиканың негізгі салаларында және өмір қырларында заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және дамыту үшін жағдайлар жасау;
2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында бірыңғай талаптардың орындалуын, сондай-ақ ақпараттандыру сервистік моделін жүзеге асыру ережесін қамтамасыз ету;
3) облыс аумағында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін, сапасын арттыруды қамтамасыз ету;
4) жобалық басқару аясында орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз ету;
5) жергілікті атқарушы органдарында жобалық қызметтерін әкімшілендіру, жобаларды басқарудың барлық кезеңінде жобаларға бақылау және мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету;
16. Функциялары:
1) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өтініштерін қарайды;
2) көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды қолданады;
3) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыру және автоматтандыру жөнінде шаралар қолданады;
4) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргізу үшін ақпараттың, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі бақылау нәтижелері бойынша ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылуын қамтамасыз етеді;
5) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын бағалауды жүргізу үшін ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылуын қамтамасыз етеді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына ішкі бақылауды жүргізеді;
7) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг қорытындысын ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
8) «Мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара іс-қимылын бағалау әдiстемесiне» сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызметтерді көрсету және мемлекеттік органдардың ашық болу деңгейі бойынша тиімді шараларды қабылдайды;
9) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
10) жергілікті атқарушы орган қызметінің бағыттарын ескере отырып, «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптардың сақталуын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасының ендірілуін қамтамасыз етеді;
11) мемлекеттік органдардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарын және ақпараттық жүйелерін құруды және дамытуды қамтамасыз етеді;
12) жергілікті атқарушы органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының толықтырылуын жүзеге асыру, олардың анықтылығын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;
13) «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен және сарапшылық кеңеспен келiсу бойынша мемлекеттік органның архитектурасын бекітеді және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;
14) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерін тіркеуді, мемлекеттік органның ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алуды, мемлекеттік органның ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыруды, сондай-ақ, мемлекеттік органның ақпараттандыру объектілері туралы ақпараттың жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;
15) ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру мен ақпараттық жүйелерін дамыту жоспарлары және нәтижелері туралы жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратты орналастырады;
16) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына беруді қамтамасыз етеді;
17) техникалық құжаттаманың қағаз жеткізгіштердегі түпнұсқаларын сақтауды қамтамасыз ету және оларды «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторына оның сұрау салуы бойынша ұсынады;
18) ақпараттық жүйелерді құру немесе дамыту кезінде стандартты шешімдерді пайдалануды жүзеге асырады;
19) мемлекеттік органдардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарына және ақпараттық жүйелеріне жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық қолжеткізу пункттерін, оның ішінде осы қолжеткізуді ұйымдастыру үшін тұрғын емес үй-жайларды бөлу жолымен ұйымдастырады;
20) цифрлық сауаттылықты арттыру үшін жағдай жасайды;
21) ашық деректердің интернет-порталында қазақ және орыс тілдерінде ашық деректерді орналастыруды қамтамасыз етеді;
22) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында интернет-ресурстарды орналастыру, сондай-ақ, олардың анықтығын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;
23) уәкілетті органмен келісу бойынша ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын ашық деректер тізбесі бойынша облыс әкімдігінің қаулысын бекітеді;
24) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің каталогына сәйкес оператордан ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алады;
25) жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде тұрғылықты жерi бойынша сайлаушылардың тiзiмiн жасау бойынша жұмыстарды қамтамасыз етеді;
26) мамандарды оқыту (біліктілігін арттыру (даярлау, қайта даярлау) бөлігінде киберқауіпсіздік, цифрлық дәлелдемелерді зерттеу бойынша адами әлеуетті басқаруды қамтамасыз етеді;
27) мемлекеттік органдарда жобалық басқаруды ендіру бойынша жұмыстарды үйлестіреді, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының мақсатты индикаторларына қол жеткізу, тиімділіктің түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу және жобалық бастамалар бойынша жоспарланған іс-шаралардың жүзеге асырылуы бойынша есептерді қалыптастыруды және мониторингті жүзеге асырады;
28) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi іске асыру және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекiтiлген тәртiппен:
мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен оларға жауаптар беруге;
жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;
өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы;
2) Басқарма:
заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға;
қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.
 
3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
 
18. Басқармаға басшылықты басшы жүзеге асырады, ол жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
19. Басқарманың басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
21. Басқарма басшысының өкілеттігі:
1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
2) өз құзіреті шегінде мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы білдіреді;
3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерiне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
6) бұйрықтарға қол қояды;
7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
8) шарттар жасасады;
9) сенімхаттар береді;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
11) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
12) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
13) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
14) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады; 
15) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді; 
16) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады; 
17) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді; 
18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Басқарма басшысы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
23. Басқарманың жұмыс режимі:
1) Басқарма дүйсенбі мен жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00-ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарманың әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
 
4. Басқарманың мүлкі
 
25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкінің болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ, өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
26. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
 
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
 
28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
 
Басқармаға қарасты ұйымдардың тізбесі:
 
«Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының «Ақпараттық технологиялар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Құрылған күні: 11-10-2018 10:23
Жаңартылған күні: 28-01-2019 12:13

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика